Grammy жүлдесін жеңіп алған Иманбектің қаламақысы қаншаға өседі

15.03.2021 21:01

Ол Grammy ұтқан алғашқы қазақстандық атанды

Фото: ашық дерек

Қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығын жеңіп алды. Оның америкалық рэпер SAINt JHN-ның Roses композициясына жасаған ремиксі үздік деп танылған.Grammy жеңімпазына ешқандай ақшалай сыйақы берілмейді. Бірақ бұл жүлденің лауреаты атанған барлық артистің гонорары өседі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Forbes-тің есептеуінше, граммофонға ие болғаннан кейін музыканттардың жеке концертіне билет қымбаттап, орташа есеппен 55% көп табыс түседі.

Мысалы, америкалық әнші, актриса Тейлор Свифттің гонорары 380%-ке өскен. Гонорары бастапқыда 125 мың доллардан басталса, Grammy-ден кейін 600 мың долларға дейін жеткен.

Әсіресе музыкалық продюсерлерге бұл марапатты жеңу көп пайда әкеледі. БАҚ-тың хабарлауынша, әдетте  музыкалық продюсерлер әр әнге 30-50 мың доллар алса, граммофонға ие болғаннан кейін 75 мың немесе одан да көп сұрайды.

Рэпер, продюсер Дэвид Баннердің айтуынша, Grammy жүлдесін алған кез келген артистің брендін жаңа деңгейге көтереді. Оның продюсерлік сыйақысы Grammy-ден кейін екі есе өскен, 50 мың доллардан 100 мың долларға дейін.

Айта кетейік, жеңімпаздарды АҚШ Ұлттық дыбыс жазу академиясының мүшелері жасырын дауыс беру арқылы таңдайды.

Былтыр америкалық New York Times газеті 19 жастағы Imanbek туралы мақала жазды. Ол Grammy ұтқан алғашқы қазақстандық атанды.