Соңғы қоңырау соғылып, шоу-бизнес өкілдерінің балалары үлкен өмірге қадам басты
Жұлдызды балалар үлкен өмірге қадам басты. Танымал жандардың балалары тек шетелдік ЖОО-ны таңдай ма? Бұл жайлы «Алматы» телеарнасының «Paparazzi» бағдарламасында айтылды.
Соңғы қоңырау соғылып, шоу-бизнес өкілдерінің балалары үлкен өмірге қадам басты. Олардың бірі Баян Алагөзованың кіші қызы – Айару. Танымал продюсер әлеуметтік желідегі жазбасында оның мектептегі үлгерімі көңіл қуантарлықтай болмағанын астарлы әзілмен жеткізген болатын.
Сонымен Айару қандай ЖОО-ны таңдап отыр?
«Қызым АҚШ-тағы 7-8 ЖОО-на құжат тапсырды. Қазігі таңда дайындық пен қосымша сабақтардан бас алмай жүр. Кәсіпкерлік бағытты таңдап отыр. Өзінің бала арманын жүзеге асырып кондитер болғысы келеді. Болашақта өзінің кондитерлік кәсібін ашуды жоспарлайды», – деді Б. Алагөзова «Paparazzi»-ға берген сұқбатында.
Б. Алагөзованың құрбысы, белгілі дизайнер Аида Қауменованың да қызы шетелдегі ЖОО-ны таңдаған болатын. Алайда бір жылдан соң оқуын туған елде жалғастыруға шешім қабылдапты.
Атақты дизайнердің қызы шетелдегі оқу орнын тастап, елге оралуына не себеп болғанын айтты.
«Францияға оқуға түскен болатын. Оқу маусымы пандемия кезеңімен тұспа-тұс келді. Шешім қабылдау оңайға соқпады. Құрлық асып үйге оралған соң мақтауын асырып, қолдау білдірдім. Әлемдегі ахуал бір жақты болмайынша, әзірге елде білім алатын боламыз», – деді А. Қауменова.
Ал, халық әртісі Мақпал Жүнісованың қызы Мерей қазіргі таңда Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында «Туризм және Халықаралық қатынастар» саласы бойынша білім алуда. Баласын шетелдік оқу орнына берген әнші қызына қатысты арманын айтып берді.
Халықтың сүйіктісі Мақпал Жүнісова нені армандайды?
«Қазақ қыздарына тән тәрбиені мен де бердім, анам да айтты. Қызымыз жаман емес. Ендігі қызымның ортасы жақсы болса екен деп ойлаймын. Қанша тәрбие берсең де, көп нәрсе ортаға байланысты. Қызымыз оқуын аман-есен бітіріп, қазақ жігітіне тұрмысқа шықса екен деп армандаймын», – деді әнші.