|
15.01.2021 | 17:43
7407

Депутат болған өнер және спорт жұлдыздары кімдер

2016 жылы әнші Қайрат Нұртас, спортшылар Геннадий Головкин, Илья Ильин «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліс депутаттығына өз кандидатурасын ұсынған

Депутат болған өнер және спорт жұлдыздары кімдер

Елге өнерімен танылып, кейін саясатқа бет бұрған азаматтар бар. Ел қалаулысы атанып, депутат болған өнер және спорт жұлдыздарының тізімін Almaty.tv ұсынады.

Тізімнің көшбасында әнші, термеші Бекболат Тілеухан тұр. Ол халық әндері мен термелерді нақышына келтіре орындап қана қоймай, ел арасында зор сүйіспеншілікке бөленген. 1993 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясындағы халық аспаптар факультетінің халық әні бөлімін бітірген әнші түрлі жауапты қызметтер атқарды. 2000 жылдан бастап Бекболат Тілеухан мемлекеттік қызметке ауысады. 2003 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Парламенті Мәжілісі III шақырылымының депутаты, 2007 - 2011 жылдары - ҚР Парламенті Мәжілісі IV шақырылымының «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутаты болады.

2013 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті болып қызмет атқарады.

Халыққа «Ана туралы әнімен» танылған әнші, актер, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев та өнер жолын саясатқа алмастырған. Ол әр жылдары отандық теле-радиоларда жауапты қызмет атқарады. 2007-2008 жылдары Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы болды. Ал 2008-2011 жылдары ҚР Парламенті мәжілісінің 4 шақырылымының депутаты болып сайланды.

2020 жылы ҚР Парламенті мәжілісінің 7 шақырылымының депутаты болып сайланды.

Актер, әнші, композитор Нұрлан Әлімжан да саясатқа белсене араласқан өнер жұлдыздарының қатарында. «Ағайынды», «Шолпанның күнәсі», «Балалық шағымның аспаны» сияқты фильмдері мен «Ақ құсым», «Балапаным», «Өткінші жауын» әндері халық арасында кеңінен танымал. Ол 2019 жылы 11 қыркүйекте Мәжіліс депутаты болып сайланды. Сол күні ант қабылдап, депутаттық куәлігі мен белгісін алған болатын. Сұқбаттарының бірінде:

«Мен композитормын. Бос уақытымда ән жазып, халыққа әнімді арнай аламын. Бұған ешкім тыйым салмайды, –  деген болатын. Алайда көпшілік Нұрлан Әлімжанды сахнадан сирек көретін болды.

«Жау жүрек мың бала» фильмдегі басты рөлді сомдап, ел арасында кеңінен танылған Асылхан Төлепов те депутат болды. Ол 2019 жылы «Алатау» дәстүрлі өнер және кино театры директорының орынбасары болып тағайындалды. Актер 2016 жылы Алматы қаласы Наурызбай ауданының мәслихат депутаттығына Nur Otan партиясының атынан үміткер ретінде тіркеліп, ең жас депутат атанған еді.

Спорт саласының бірқатар жарық жұлдызы да депутат болды.

Жеңіл атлет, Сидней олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина да заң шығарушы органда жұмыс істеген. Ол 2007 жылы Канаданың Эдмонтон қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені иеленді. Содан кейін спортшы жарақат алып, үлкен спортпен қоштасуға мәжбүр болды. Кейіннен спорт саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Ал  2013 жылғы 22 қаңтардан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

2012 жылы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев те 2017 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Алайда бір жылдан соң өз еркімен отставкаға кетіп, Мәжіліс депутаты мандатынан бас тартты. Кейіннен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

2016 жылы әнші Қайрат Нұртас, спортшылар Геннадий Головкин, Илья Ильин «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліс депутаттығына өз кандидатурасын ұсынған. Алайда, аты аталған елге танымал азаматтар депутаттық мандатқа ие болмады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир