Бұл туралы әнші Paparazzi бағдарламасына берген сұқбатында айтты
Танымал эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасова не үшін елдің сынына ілінді? Бұл сұрақтың жауабын әнші «Алматы» телеарнасының Paparazzi бағдарламасына берген сұқбатында айтып берді.
Мәдина Сәдуақасова таяуда Түркиядан пәтер алғанын айтып, жұрттан сүйінші сұрады. Тура туған күнінде өзіне өзі тарту жасаған Сәдуақасоваға Аланья қаласының қақ ортасындағы қымбат тұрғын үй кешенінің бірінен баспана бұйырған.
Мәдинаның бұл қуанышына ортақтасқан оқырмандардың көңіл-күйі санаулы сағаттан соң су сепкендей басылды.
Оған әншінің жағажайдағы жартылай жалаңаш бейнесін желіге жүктеуі – басты себеп болса керек...
Жарты миллионға жуық пікірдің басым бөлігі – жағымсыз жазбалар.
«Мәдина, шешіне бермеші. 40-қа таядың ғой. Күйеуің бар, не керек саған?», «Ұятсыз сені де қазақтың әншісі дейді-ау, масқара!», «Күйеуі не дейді екен? Сонша бұраңдап» деп жазды әншінің оқырмандары.
«Судың жағасында, купальникпен түскен сурет пен видеоларды мен де саламын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Сол жағажайда жүрген кезде саған ешкім мән бермейді. Менің ойымша, ол үйреншікті нәрсе, судың жағасында сен басқа киім кимейтінің анық», – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова.
Шетелге шыққан сапарында ғаламтор кеңістігін шулатқан Мәдина мұндай сынды жиі еститінін айтады.
«Ренжимін, бірақ қазір елдің пікірін мүлдем оқымаймын. Бұрын кәдімгідей оқитынмын, қазір арасында бір көңілімді түсіретін пікір болып қалса, әрине, сенің көңіл күйің ұзақ уақытқа дейін түсіп жүреді, соны көңіліңе алып жүресің», – деді әнші.