Ұзақ үзілістен кейін вайн арқылы көпшілік назарына іліккен Динара Қырықбаева қазіргі таңда инста-әлемде өте белсенді. Некесі сәтсіз аяқталған өнер иесі өзін қайта қолға алып, продюсері Медет Аманбаевтың қолдауымен блогерлікке бет бұрған. Заманауи жаңа бастама көңілінен шықса керек, әнші шығармашылық шабыты қайта оянғандай. Бұл туралы «Алматы» телеарнасының Paparazzi бағдарламасына айтты.
«Вайнер боламын деп ойламаппын. Енді халыққа да, өзіме де ұнап жатыр. Өзімнің басқа қырларымды ашып жатырмын десем болады», – деді әнші Динара Қырықбаева.
10 жылға жуық сахнадан алшақтап, бар уақытын отбасына арнаған үш баланың анасы әншілік мансабын қайта қолға алмақ. 2000-шы жылдары отандық эстрадада жұлдызы жанған Динара репертуарын мұқият таңдап, ерекше камбэк жасамақ.
«Жақында бір әнім жарыққа шығады. Қазіргі таңда жазылу үстінде. Құдай қаласа, сахнаға қайта ораламын», – дейді әнші.
Былтыр 4 жыл отасқан жолдасымен ажырасқаны жайлы пост жазып, Динара инстаоқырмандарына жан сырын ақтарған еді. Әнші балаларының әкесіне деген құрметі мен ілтипатын сақтап қалғанын айтады.
«Менің ажырасқаныма 2 жыл болды, шүкір 3 балам бар. Жолдасыммен мүлдем арласпаймын. Бірақ ол менің балаларымның әкесі, әрдайым солай болып қалады. Тек қана бақыт тілеймін, өмірінде бәрі жақсы болсын», – дейді ол.
Қазіргі таңда желі қолданушылары басы бос Қырықбаеваны қылмыс әлемінің серкесі – Арман Жұмагелдиевпен де жұптастырып үлгерген. Ғаламторды шулатқан ақпаратқа қатысты әнші жауап берді.
«Арман еліміздің, жеріміздің батыры. Мен Арманды аға, дос ретінде сыйлаймын. Екеуміздің арамызда ешқандай қарым-қатынас жоқ. Иә, біз Дубайда болғанда бір-екі рет кездесіп шәй іштік, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын», – деді әнші.
Динара бұдан былай жеке өмірін халық назарынан тасада ұстауды жөн көреді.