Телехикаяны көрермендер «Алматы» арнасының эфирінен 25 қазаннан бастап кешкі сағат 20:40-та көре алады
Жаңа маусымда – жаңа кейіпкерлер. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Өткінші жаңбыр» телехикаясының 2-маусымы несімен ерекше? Бұл туралы «Алматы» арнасының «Таңғы студио» бағдарламасында «Өткінші жаңбыр» телехикаясының басты кейіпкері актриса Толқын Нұрбекова айтып берді.
«Бұл сериалдың айырмашылығы қоғамда болып, көзбен көріп жүрген әйелдердің тағдырына арналған. Отбасында қиын кезеңде «Айырылысып кет», «кетіп қал» деген сөз қозғамай, керісінше, таңдау жасау керек екені айтылады. Қаншама әйелдеріміздің біз білмейтін тағдыры бар, «ұят болады» деп шыдап жүргендер бар. Соларды аз да болса, ынталандыру туралы ниет бар. Сіздерде де мүмкіндік, таңдау бар деген үміт сыйласақ деген мақсат», – деді актриса Толқын Нұрбекова.
Бұл рөлді сомдау актрисаға қиын болған. Себебі ол отбасында зорлық-зомбылықты мүлдем көрмегенін айтады.
«Ұсыныс келіп түскенде, аздап үрей болды. Өз басым тұрмыс құрмағандықтан, өзім өскен ортамда зорлық-зомбылықты көрмегендіктен, біраз ойландым. Әріптестеріммен ақылдаса келе, киноға түскенді жөн көрдім. Жалпы, осы сериалға түсіп біраз тәжірибе жинадым», – деді ол.
Өмірдің шытырман оқиғасына толы телехикаяны көрермен «Алматы» телеарнасының эфирінен 25 қазаннан бастап кешкі сағат 20:40-та көре алады.