«Алматы» телеарнасында тұсаукесер! Бүгін «Томпи. Армандар орындалады» деп аталатын жаңа телехикая көрерменге жол тартады.
Комедия жанрында түсірілген сериал арманына жету жолында түрлі тосын жайттарға тап болған бойжеткеннің төңірегінде өрбиді. Туынды артық салмағы бар қыздар жайында. Басты рөлдерді еліміздің танымал актерлері Тәуекел Мүсілім, Әсел Қалиева, Жания Джуринская, Нұрлан Әлімқожаев сомдайды.
Телехикаядағы басты кейіпкер 25 жастағы Томпи өзі секілді толық қыздарға киім тігетін танымал дизайнер болуды армандайды. Ол үшін алдымен сән үйіне көмекші болып жұмысқа орналасады. Марқұм әжесі қалдырған сиқырлы оймақпен көйлек тігіп жүріп, ол ойламаған жерден хас сұлуға айналады. Бір мезетте өзгеріп шыға келеді.
Осылайша сымбатты көркімен армандаған жігітіне де, мақсатына да қол жеткізеді. Туынды 2019 жылы фильм ретінде көрермен назарына ұсынылған еді. Енді «Алматы» телеарнасының қолдауымен романтикалық драма жанрындағы сериал болып экранға қайта шығады.
«Сериалда балалық шағынан бастап толық көрсетіледі. Кішкентай бүлдіршін кезіндегі сезім, жасөспірім шағы және өскен кезін мен өзім сомдаймын. 17 қазан күні «Алматы» телеарнасынан «Томпи. Армандар орындалады» телехикасы шығады, көріңіздер. Себебі онда мен бармын», – деді актриса Назерке Назарова.
Телехикая – «Алматы» телеарнасының төл туындысы. Бас-аяғы 12 бөлімнен тұратын сериал Алматы қаласында түсірілген. Ерекшелігі сол – телехикая 70 пайыз қазақ тілінде көрсетіледі. Сондай-ақ, туындыда тек отандық дизайнерлердің киімдері қолданылған. Сән үйінің басшысы болып елімізге танымал актер Тәуекел Мүсілім ойнайды.
«Бәріміздің ойымызша, толық қыздарға ешкім қарамайды, ешқандай мүмкіндік жоқ деп. Бұл телехикаяда бәрі керісінше, барынша шектеу қоймауға тырыстық, стереотипті бұзуға тырыстық. Шектеу тек қана біздің басымызда. Егер адам өз-өзін жақсы көретін болса, өзін қабылдайтын болса, біраз жетістікке жетеді деп ойлаймын», – деді актер Тәуекел Мүсілім.
Толық қыздың асқақ арманы мен сүйгеніне қалай жеткенін білгіңіз келсе, «Алматы» телеарнасы қосулы болсын. Телехикаяның алғашқы бөлімін бүгін сағат 20:50-де тамашалай аласыздар.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы