Қазақ жерінен бастау алған: "Ұлы Селжүктер" телехикаясы көрерменге жол тартады

09.09.2022 14:03

Телехикаяға қазақстандық каскадерлер де жұмылдырылған

Қазақ жерінен бастау алған Селжүк мемлекетінің тарихынан сыр шертетін «Ұлы Селжүктер» атты түрік телехикаясы 9 қыркүйектен бастап көрерменге жол тартады. 

Селжүк мемлекетінің құрылуы, олардың қазақ халқымен қалай туысатыны жайлы тарихшы Берекет Карибаев пен журналист Амангелді Құрметұлы Almaty.tv тілшісіне айтып берді. 

Берекет Карибаевтың айтуынша, Селжүк мемлекеті тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның тарихында ойып тұрып орын алады. Селжүк мемлекеті - шамамен 1040 жылдары құрылып, 1194 жылға дейін Орта Азия, Ауғанстан және Иран аумағында үлкен империя құрған түркі тайпаларынан шыққан мемлекет. 

Оның мәлімдеуінше, Селжүк мемлекетінің тарихы көп жағдайда Қазақстан аумағымен байланысты.

«Қазақстан аумағында мекендеген беделді түрік тайпаларының бірі оғыз тайпасы болғаны бәрімізге белгілі. Олардың арғы тарихына көз жүгіртіп қарасақ, Моңғолия аумағымен байланысты. VIII-IX ғасырларда билік үшін өзара талас-тартыстар басталып, салдарынан Жетісуға, одан кейін Сыр бойына келіп қоныстанған», - дейді тарихшы.

Мұны белгілі тарихшы Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде келетін мәліметтер растайды. Онда Сауран, Сығанақ сияқты оғыз тайпасының қалалары Сыр бойында орналасқаны жазылған. 

«Оғыздардың этникалық құрамына келетін болсақ, 24 тайпадан құралған. Осы тайпалардың ең мықтысы – қынық тайпасы. Қынық тайпасынан Селжұқ деген билеуші шықты. Оның тұсында селжүктер Сыр бойын, оның ішінде қазіргі Қазалы, Арал, Төретам аумақтарын мекендеген. Осы маңда Янгикент немесе Жаңакент деген оғыздардың астанасы болған», - дейді Берекет Карибаев. 

Селжұқ бектің тұсында қынық тайпасы Саманилердің ықпалымен Ислам дінін қабылдап, оның төңірегіне мұсылман оғыз тайпалары жиналды. Ол 1009 жылы қайтыс болып, орнына ұлы Арслан бек таққа отырады. Оның тұсында селжүктер біресе Қарахан мемлекетіне, біресе Ғазнауи мемлекетіне бағынышты болып, әлі мемлекет болып қалыптаспаған еді.

1032 жылы Арслан бек Ғазнауилердің қолынан қаза табады. Амангелді Құрметұлының айтуынша, одан кейін Селжүк мемлекетін дүниежүзілік тарихта, мұсылман халықтарының, түрік халықтарының тарихында қалған, аты аңызға айналған Тұғырыл бек, Шағры бек, Юнал, Мұса жабғы, Алп Арслан, Мәлікшаһ, Беркиарук және Санжар сұлтан атты билеушілер басқарған.

Арслан бектен кейін билікке келген Тұғырыл бек 1040 жылы «Данданакан» соғысында Ғазнауи әскерін жеңіп, Мәуреннахр мен Қорасан аймағында тәуелсіз Селжүк мемлекетінің негізін қалады. 

«Селжүктер жайлы сөз еткенде Шағры мен Юнал бектерді айтпай кетуге болмайды. Себебі олар Қорасан аймағын, Иран топырағын, Мәуереннахрдан оңтүстікке қарай орналасқан аймақтарды басып алу барысында өте белсенді әрекет еткен қолбасышылар саналады. Тұғырыл мен Шағрының кезінде Қорасаннан Анадолыға алғашқы жорықтар басталды», - дейді Амангелді Құрметұлы.

Тұғырыл бектен кейін таққа отырған Алп Арслан мен Мәлікшаһтың тұсында Селжүк мемлекетінің шекарасы кеңейіп, Ислам дінінің ықпалы күшейді. Мәлікшаһ қайтыс болғаннан кейін, Селжүк мемлекеті төртке бөлініп, ыдырай бастады. 

«Тек Мұхаммед Тапар мен Санжар сұлтанның тұсында ұлы Селжүк мемлекеті қайтадан бірігеді. Алайда 1157 жылы Санжар сұлтанның өлімінен кейін Селжүк мемлекеті әлсірей бастайды», - дейді Амангелді Құрметұлы.

Бірақ Селжүк мемлекеті Иран селжүктері, Анадолы селжүктері болып бөлініп, ұрпақ династиясы жалғаса берді.

Селжүк мемлекетінің тарихына терең бойлағыныңыз келсе, тарихи деректер мен шытырман оқиғаларға толы «Ұлы Селжүктер» телехикаясын «Алматы» телеарнасынан тамашалаңыздар. Айта кететіні, телехикаяға қазақстандық каскадерлер де жұмылдырылған

Телехикая «Алматы» телеарнасы көрермендерінің көңілінен шығады деп сенеміз.