Телехикая 17 қазаннан бастап дүйсенбі-жұма аралығында сағат 21:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында елімізде NEET санатындағы, яғни не оқуға, не еңбек етуге құлқы жоқ жастардың саны артып келе жатқанын айтқан болатын. «Алматы» телеарнасы түсірген «Ымырт» телехикаясы осы санаттағы жастардың мәселесін ашып көрсетеді. Әлеуметтік драма жанрында түсірілген бұл туындыда мектепті енді бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан түлектердің тағдыры туралы баяндалады. Өздеріне қарағанда алғыр әрі қаржылық жағынан табысты қатарласынан өзін кем санаған жігіттер жарқын болашақ үшін күресуден бас тартып, өмірін ауылда жалғастыра беруді жөн көреді.
Басты рөлді сомдаған Қазбек Төлен сюжет желісі бойынша әкесінің өліміне себепкер болады. Осы жағдайдан кейін оқиға шиеленісе түседі.
«Темірланды сомдау мен үшін қиын болды. Себебі ол әкесінің, достарының өліміне себепкер болады. Сондықтан да ауыр сахна көп болды. «Алматы» телеарнасының көрермендері, әсіресе жастар, сериалды міндетті түрде көріңіздер. Себебі бұл - ой саларлық, әр қадамыңды ойлап басуға шақыратын сериал. «Өзің болып өзіңді көрсетейін өзіңе» дегендей, барынша жастарды көрсетуге тырыстық», - дейді ол.
Ал Темірланның досы Нұрдостың рөлінде ойнаған Бекет Райымбектің айтуынша, сериалдың мақсаты – жұмыссыздықтың қандай мәселелерге әкеп соқтыратынын көрсету.
«Сериалдың негізгі айтар ойы – жұмыссыздықтың көптеген мәселеге жол ашатыны. Жұмыссыздық адамды жамандық жасауға итермелейді. Сериалда маңдай термен ақша табудың орнына ұрлыққа түсеміз. Барлығы осы қылмыстан басталып, адам өліміне дейін барады. Біздің мақсатымыз – жамандықты әспеттеу емес, керісінше, ондай қылмысқа бармау керегін көрсету. «Алматы» телеарнасының үлкен өмірге енді аяқ басқан жас көрермендеріне айтарым - кино шынайы өмірдің айнасы ғана. Сол дүниелерді көгілдір экранның ар жағынан көре отырып, шынайы өмірде ондай дүниелерді жасамауыңызды өтінеміз. Өмірдің ағы мен қарасын ажырата білейік», - дейді актер.
Телехикая бүгіннен бастап дүйсенбі-жұма аралығында сағат 21:50-де «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.