12 бөлімнен тұрады
«Алматы» телеарнасы өз көрерменіне тағы бір жаңа телехикаяны ұсынады. Алдағы дүйсенбі, 15 қарашадан бастап «Менің бапкерім» атты телехикая көрерменге жол тартады.
Спорттық драма негізінде түсірілген бұл сериал 12 бөлімнен тұрады және қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.
Телехикаяның басты мақсаты – жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын дәріптеу, дейді телехикая продюсері.
«Елімізде қазір спорт өте жақсы дамып келе жатыр. Әсіресе, футбол. Сол себепті де өсіп келе жатқан жас жеткіншектерімізге, олардың әке-шешесіне спортқа жақын болыңдар деген ниетпен түсірдік. Оқиға желісі шынайы өмірден алынбаса да, мұндай жағдайлар өмірде кездеседі деп ойлаймын. Жалпы түсірілім барысы өте қызықты болды», – деді продюсер Нұрсұлтан Садманов.
Продюсердің айтуынша, кейіпкерлерді біраз уақыт бойы іріктеу арқылы таңдаған. Іріктеуге мықты, білікті актерлар ғана емес, блогерлер де қатысқан. Актер Бақытжан Ақбаров телесериалды көргеннен кейін жастардың футболға деген көзқарасы өзгеретініне сенімді.
«Әу баста мен басқа кейіпкердің рөлін сомдайсың деп алды, кейіннен маған мүлдем басқа рөлді берді. Өзіме ұнады. Қазір бізде футбол дамып келе жатыр. Жастардың қызығушылығы артар деген ойдамын. Өйткені көбісі футболға қызыға бермейді, мүмкін осы сериалды көріп, ойы өзгеріп, футболмен айналысатын шығар», – деді актер Бақытжан Ақбаров.
«Менің бапкерім» телесериалын 15 қарашада, сағат 20:40-та «Алматы» телеарнасынан көре аласыздар! «Алматы» телеарнасы қосулы болсын!