«Алматы» телеарнасының тілшілері халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің түйінін тарқатуға да септесті. Шешімін тапқан түйткіл көп. Көмек сұрағандардың қатарында қаңтар оқиғасы кезінде әділетсіздікке тап болғандар, көпірі құлауға шақ тұрған елдімекен халқы, қақаған қыста жылусыз отырған жұртшылық болды. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, жан-жақты пікір қосып, проблеманың өзектілігін көрсету арқылы мәселенің шешілуіне ықпал етті.
Қаңтардағы бейберекет кезінде бүлікті басуға асығып бара жатып, әскери көлікпен абайсызда адам қағып кеткен әскери қызметкер 15 жылға сотталуым мүмкін деп арна тілшілеріне базынасын айтқан еді. Өзіне Әскери прокуратураның іс қозғағанын атап, көмек сұраған болатын.
«Рұсқұловамен келе жатқанда ол кісі бергі жағынан шықты. Ол кезде біз асығыс болғандық. Сондықтан қаққан кезде ол кісі мені, мен ол кісіні көрмедім. Сосын тоқтап, жәдел жәрдем көлігін, қалған органдарды да шақырдық. Бізде әскери көлікте қорғаныш сеткасы бар, сол сеткаға курткасы ілініп машинаның астында қалды. Әдейі қақпадым. Байқамай Отан алдындағы борышымды өтеп жүріп, байқамай қалдым. Сондықтан әділдік сұраймын», – деді әскери қызметкер Мәди Қалантаев
«Шекара әскери қызметкері Қалантаев арнайы әскери көлігімен, Рұсқұлов Тілендиев қиылысында, азамат Кимді қағып өтіп, сол жерде қаза тапқан болатын. Алматы қаласының полиция департаменті іс қозғап, тергеуді ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасына жолдаған. Бүгінгі таңда бұл қылмыстық іс адамның абайсызда өліміне алып келген, арнайы көлікті жүргізу қағидасын бұзу туралы фактімен, яғни ҚР Қылмыстық Кодексінің 163-бабы, 3-тармағымен қылмыстық іс тергеліп жатыр», – деді Алматы гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Тимур Андамасов.
Араға апта салып Әскери сот бұл істі тең қарап, зардап шегуші тараптың кешірім бергенін ескере отырып, істі жапқан болатын. Бір үйдің асыраушысы, отан алдындағы борышын өтеу үшін қайта сап түзеді.
«Ассалаумағалейкүм! Іс жабылды. Аман-есен, хабарын айтып жатыр. Аллаға шүкір, сендердің арқаларыңда жұмысымда қалдым, істі тоқтатты», – деді әскери қызметкер Мәди Қалантаев
Ал екі мың халқы бар Көктал ауылының тұрғындары ескі көпіріміз құлағалы тұр деп арнамызға хабарласқан еді. Қалаға қатынайтын жолда орналасқан өткелдің жиырма жылдан бері жөндеу көрмегенін айтып, көмек сұраған. Шамамен 2 ай ішінде мәселе шешілді.
«Ескі көпірде жүру өте қиын еді. Мәселені көтеріп едік. Жаңа көпір пайда болды, жолымыз жақсы», – деді Алматы облысының тұрғыны Аңдас Құрманбеков.
«Алматы» телеарнасының ұжымына рахмет. Жағдайымызды ескеріп, әкімшіліктің адамын шақырып, жасатып беріп жатсыздар. Көңіліміз орнына түскендей болды», – деді Алматы облысының тұрғыны Бинұр Қалмұрзаева.
Ал Алматы облысындағы мыңдаған халқы бар Мыңбаев ауылының тұрғындары қақаған қыста жылусыз қалдық деп базынасын айтқан еді.
«Кеше балалар жаурап, сабақ оқи алмады. Жуындыра алмадым. Бүгін таңертең қызым да жөтеліп, балабақшаға бара алмай қалды», – деді Алматы облысының тұрғыны Қалыбынұр Жандосова.
«Мамандардың бәрі осында. Түні бойы бәрі жұмыста жүр. Ешкім демалып жатқан жоқ. Қазір анықтаймыз, жасаймыз», – деді «Тәуекел-газ құбыры» ЖШС директоры Қазбек Ғабиден.
Зерттеу материалынан соң сол күні аталған ауылға газ беріліп, Мыңбаев тұрғындары алғысын айтып, видео жолдады.
«Алматы» телеарнасы ақпарат аламанында өзінің орнын ала отырып, билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айнала білді. Жергілікті басқару қызметімен етене байланыс орнатып, әлеуметтік сұрақтардың шешілуіне үлес қосып келеді.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы