Әлем чемпионаты: биыл футбол додасы АҚШ, Мексика және Канадада өтеді

11.06.2026 20:18

Әлем чемпионаты 16 қалада ұйымдастырылады деп жоспарланған

Бүгін төрткіл дүние көз тіккен футболдан Әлем чемпионаты өз жалауын көтереді. Биылғы мундиаль аясында жанкүйерлер жалпы 104 матч тамашалайды. Бұл көрсеткіш Қатарда өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда 40 ойынға артық. Турнир бүгін басталып, топтық кезең 27 маусымға дейін жалғасады. Ал плей-офф кезеңі 28 маусымда басталып, финалдық ойын 19 шілдеде өтеді. Осылайша, әлем біріншілігі 39 күнге созылады, 

Төрт жылда бір рет өтетін футболдан әлем чемпионаты қайта оралады. Биыл турнирдің басты ерекшелігі чемпионатты бірден 3 елдің қабылдауы. Әлемнің ең беделді футбол додасы АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Бұған дейін бірнеше мемлекет бірігіп ұйымдастырған әлем чемпионаты 2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен болатын.Сондай-ақ биылғы біріншілікте тарихи өзгеріс бар. Қатысушылар саны 32-ден 48 командаға дейін көбейіп, бұл футбол тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионатына айналмақ.

Футбол мерекесінің шымылдығы Мексика мен Оңтүстік Африка құрамалары арасындағы матчпен түріледі. Әлем назарын өзіне аударған мундиаль қарсаңында сарапшылар турнирге қатысты болжамдарын ұсынып, фавориттер мен басты үміткерлерді атады.

«Бұрынғы мықты командалар әлі де үздіктердің қатарында. Франция, Испания, Аргентина, Бразилия, Нидерланды, Португалия құрамаларының жеңу мүмкіндігі өте жоғары. Мен осылардың қатарына Норвегияны да қосуға болады деп есептеймін. Өйткені бұл команда өте жақсы ойын көрсетіп жүр, нәтижесі де жоғары», – деді спорт комментаторы Есей Жеңісұлы.

Сонымен қатар биылғы турнирде бірқатар дебютант құрамалар өнер көрсетпек. Атап айтқанда Кабо-Верде, Кюрасао, Иордания және Өзбекстан өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысады.

«Бұл құрамалар, сөзсіз, турнирге жаңа леп пен тың серпін әкеледі. Біз әдетте бразилиялық техникалық футболға, еуропалық күшке негізделген ойынға немесе испандық «тики-така» стиліне үйреніп қалғанбыз. Бұл әлем чемпионаты ең көп талқыланатын турнирлердің бірі болуы мүмкін», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің басшысы Аян Төлеген.

Көрші Өзбекстан құрамасының әлемдік додаға жолдама алуы Орталық Азия футболы үшін маңызды жетістік саналады. Бұл Қазақстан футболының дамуына да оң әсер етіп, жаңа серпін беруі мүмкін..

«Өзбекстан құрамасы Әлем чемпионатына жолдама алып жатыр. Демек,бұл Орталық Азияда футболдың дамуына үлкен серпіліс береді. Өзбекстан осыдан бірнеше жыл бұрын жастар арасындағы әлем чемпионатын қабылдады. Демек олардың инфрақұрылымы жақсы дамыған. Біз неге солардан қалуымыз керек деген ой туындайды?.Қазір Шымкентте, Алматыда, Ақтөбеде, Көкшетауда стадиондар салынып жатыр, ал Қызылордадағы стадион пайдалануға берілді. Демек бұл – серпіліс бізге де ақырындап келеді деген сөз», – деді спорт комментаторы Есей Жеңісұлы.

.Әлем чемпионаты басталмай жатып-ақ оның айналасында елді елең еткізер оқиғалар болып жатыр. Алдымен құрамаларға қатысты қатаң тексеріс шаралары күшейтілсе, екінші жағынан Африканың үздік төрешілерінің біріне АҚШ-қа кіруге рұқсат берілмегені хабарланды.

Айта кетейік, турнирді 3 мемлекет қабылдағанымен, матчтардың басым бөлігі АҚШ-та ұйымдастырылады. Мұнда барлығы 78 ойын өтеді. Ал Канада мен Мексикада 13 матчтан өткізіледі.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана.

Оқи отырыңыз: Еліміз мектептерінде күресті дамытуға бағытталған жүйелі жоба қолға алынды