Қазақстандық таеквондошы әлемдік рейтингіде көш бастады

06.04.2022 14:07

Бұл Қазақстан таеквондосы тарихында тұңғыш рет болып отыр

ҚазАқпарат

Қазақстандық таеквондошы Жансель Дениз жаңартылған әлемдік рейтингіде көш басына көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл Қазақстан таеквондосы тарихында тұңғыш рет болып отыр.

Әйелдер арасында 73 келіге дейінгі салмақта Дениз 139.81 балмен бірінші орында келеді. Ресейлік Полина Хан (107.94) екінші, оңтүстіккореялық Да Бинь Ли (105.60) үшінші сатыда.

Жансель бұрынғы нұсқада төртінші орында еді.

Өз спорттық жолында Дениз 2017 жылы Тайбэйде жазғы универсиадада және 2018 жылы Джакартада (Индонезия) өткен Азия ойындарында күміс медальға қол жеткізді. Сондай-ақ ол – түрлі халықаралық турнирлердің чемпионы һәм жүлдегері.

«Менің арманым алыста болып көрінгенімен, ол орындалды. Мен бүгін шыққан жаңартылған әлемдік рейтингіде бірінші орынға ие болдым. Бұл Қазақстан таеквондосы тарихында алғаш рет болып отыр. Мен жалғыз жанашырым – анама алғыс айтқым келеді. Өкінішке қарай, жолымда жеңілістер, сатқындық, алдау да аз болған жоқ. Бірақ, Әлхамдулиллаһ, мен осындамын. Қуанышымды бөліскендердің бәріне рахмет. Сондай-ақ барлық мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаймын. Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! P.S. Мына суретке 10 жыл бұрын түсіп едім. Маған өз арманымды жазуды өтінген. Мен әлемде №1 болғым келеді деп жаздым», - деп жазды Жансель Дениз Instagram-дағы парақшасында.