Қазақстандық спортшы ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды

08.12.2021 13:41

Ол жұлқа және серпе көтеруден берілген алты мүмкіндікті де сәтті пайдаланды

olympic.kz

Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғышқы күнінде-ақ ел қоржыны алтын медальмен толықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҰОК сайтына сілтеме жасап.

Ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Арли Чонтей ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды. Ол жұлқа және серпе көтеруден берілген алты мүмкіндікті де сәтті пайдаланды.

Арли Чонтей жұлқа көтеруден 118 келіні, серпе көтеруде 142 келіні бағындырып, қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Қоссайыс қорытындысы бойынша жерлесіміз 260 келіні еңсерді.

Екінші орынға Тайландтан келген спортшы жайғасты. Болгариялық ауыр атлет қола жүлдеге ие болды. Әлем чемпионаты 17 желтоқсанға дейін жалғасады.