Литва құрамасының жартылай қорғаушысы Симонас Урбис Оралдың «Ақжайығына» алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, ойыншымен келісімшартқа қол қойылды.
Осыған дейін 26 жастағы жартылай қорғаушы өз елінде «Банга», «Экранас», «Атлантас», «Паланга», «Жальгирис» және «Кауно Жальгирис» командаларында доп тепті. Литва ұлттық құрамасының сапында да ойнады.
Өткен жылы «Банга» құрамында 34 матчта 11 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.
Қазіргі кезде Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» «Напредак» (Сербия) клубымен бақылау ойынында 0:1 есебімен қарсыласына жол берді.
Команда құрамында басқа да футболшылар қаралымнан өтуде.
Өткен жылғы маусымда оралдық клуб премьер-лигада 9-орыннан көрінген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубы бас бапкерінің тағы бір маусымға қалатын болғанын жазған едік.
Дереккөз: inform.kz