Головкин - "Канело" трилогиясы өтетін күні белгілі болды

25.05.2022 13:55

Трилогия 17 қыркүйекте екінші орта салмақ дәрежесінде өтеді

©wbaboxing.com

Екінші орта салмақтағы абсолют әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) қыркүйекте қазақстандық Геннадий Головкинмен (42-1-1, 37 КО) үшінші жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Трилогия 17 қыркүйекте екінші орта салмақ дәрежесінде өтеді. Мексикалық боксшы абсолют чемпион титулын алғашқы рет қорғайды.

"Ресми. 17 қыркүйекте кездескенше", - деп жазды Головкин.

Еске салайық, Головкин мен Альварес бұған дейін Лас-Вегаста екі рет жұдырықтасқан - 2017 жылы боксшылар тең түссе, 2018 жылы Канело төрешілер шешімімен жеңген болатын.

GGG кейінгі жекпе-жегін сәуірде жапониялық Риота Муратаға қарсы өткізіп, 9-раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.

Ал Канело мамырда ресейлік Дмитрий Биволдан төрешілер шешімімен жеңіліп қалған болатын.