Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық ауыр атлет, Игорь Сон допинг дауына байланысты спорттан 8 жылға шеттетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
24 жастағы Игорь Сон допинг дауына осымен екінші рет ілігіп отыр. Бұған дейін 2015 жылы ауыр атлет жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін бірнеше айға спорттан шеттетілген болатын. Бірақ ол кезде препараттың ағзасына тағам арқылы енгенін дәлелдей алды. Еліміздің ұлттық антидопинг орталығы 2022 жылы 2 наурызда спортшыдан жарыстан тыс кезде сынама алған. Оны талдау барысында Игорьдің ағзасынан метастерон анықталыпты. Енді оған 2030 жылдың 28 наурызына дейін жарыстарға қатысуға тыйым салынды. Алайда спортшының Токио олимпиадасында алған медалі, сыйақысы мен пәтері өзінде қалады.
«2020 жылы Токио олимпиадасында алынған Игорь Сонның допинг сынамасы таза болғандықтан, Олимпиаданың қола медалі, сондай-ақ оған берілген ақшалай сыйлық пен пәтер қайтарылмайды», – деді Мәдениет және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева.
Ал спорт сарапшысы Әли Битөренің айтуынша, елде медициналық ғылымның баяу дамуы сптортшыларға кедергі болады. Мәселен, спортшыдан алынған сынама лабораторияда 8 жыл сақталады екен. Яғни, сынама алынған сәтте тыйым салынған препарат табылмауы мүмкін, алайда, уақыт өте ғылым, технология дамып зиянды заттар кейін анықталып жатады. Осындай дүниелер көп зілтеміршінің мансабына кесірін тигізген. Ал Париждегі олимпиадаға 1,5 жыл қалғанда Қазақстанның басты үміткері саналатын Игорь Сонды шеттету – спортшыға жасалған қиянат деп есептейді Әли Битөре. Спорт сарапшысының ойынша, Игорь Сон федерациядағы ішкі соғыстың құрбаны болып кеткен.
«Басшылық, бапкерлер ауысып жатыр. Өзге біреу алып келген спортшыны екінші бапкер жарысқа қоспайды. 2 бапкердің арасында кикілжің туындайды. Бір-бірімен келіспеген олар спортшыны «құрбандыққа» шалып жібереді. Бұл да сондай жағдайлардың бірі болуы мүмкін», – деді спорт сарапшысы Әли Битөре.
Игорь Сонның шынымен саясаттың құрбаны болғаны не болмағанын білу үшін Ауыр атлетика федерациясына хабарластық. Баспасөз қызметі маңызды конференция өтіп жатқанын айтып, жазбаша жауап берді.
«Федерация допингтің кез келген көрінісіне нөлдік төзімділік принципін ұстанады. Тұрақты режимде допингке қарсы ережелер бойынша хабардар ету, сондай-ақ халықаралық жарыстар қарсаңында ұлттық құраманың барлық мүшесін бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ең алдымен, халықаралық деңгейде бұзушылықтардың алдын алу үшін қажет. Өйткені олимпиадалық біліктілік жүйесі ел спортшылары үштен аса тәртіп бұзған жағдайда бүкіл команданы шеттетуді қарастырады», – деді ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов.
Игорь Соннан басқа, Абылай Әуелханов, Юлия Потасова, Руфина Чалқарова, Алексей Дроздов, Матвей Макрушиндерден алынған сынама да оң нәтиже көрсеткен еді. Жалпы, 2008 жылдан бері допингпен ұсталған Қазақстан ауыр атлеттерінің саны 50-ден асып кетті. Заңсыз препараттарды қолданған спортшылармен бірге жаттықтырушылар, жеке дәрігерлер, тіпті спорт функционерлері де жұмыстан шеттетіледі.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана
Спорта хватит на всех! Главный спонсор спортивных эмоций дарит всем новым пользователям до 200 000 тенге! Смотри любимые спортивные события и побеждай вместе со своими фаворитами! Подробная информация на сайте и приложении!