Рамуш – атақты Эйсебиодан кейін плей-офта бір доптан артық гол соққан бірінші португалиялық футболшы
Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Португалия - Швейцария матчында Криштиану Роналдудың орнына шыққан Гонсалу Рамуш хет-триктің авторы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бенфика» (Лиссабон) клубының шабуылшысы, 21 жастағы Г.Рамуш айды аспанға шығарып, матчтың үздік ойыншысы болды.
Осынау табысына матчтан кейін Рамуштың өзі де таңданысын білдірді. Ол сондай-ақ құрама капитаны Криштианудың барлық ойыншылармен бірдей араласатынын, кімге болса да, көмек көрсетуге дайын тұратынын жеткізді.
Плей-офқа дейін Рамуш әлем чемпионатында тек 10 минутқа алаңға шыққан. Ганамен өткен матчта 2, Уругваймен бәсекеде 8 минут қана ойында болған.
Рамуш – атақты Эйсебиодан кейін плей-офта бір доптан артық гол соққан бірінші португалиялық футболшы.
Г.Рамуш 17, 18, 19, 20 және 21 жасқа дейінгілер арасында Португалия құрамасы сапында ойнады. 2019 жылы шілдеде 19 жасқа дейінгілер арасында Еуропа чемпионатында төрт голмен үздік сұрмерген атанды.
Биыл қыркүйек айында Ұлттар лигасында Чехия және Испаниямен өткен ойындарға шақырту алғанымен, алаңға шыққан жоқ. 17 қараша күні Нигериямен жолдастық кездесуде Андре Сильваны алмастырып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты.
Португалияның оңтүстігінде орналасқан Ольян қаласында туып-өскен Гонсалу – «Фаренсе» клубының бұрынғы ойыншысы Мануэль Рамуштың ұлы. Әкесінің арқасында футболға деген қызығушылығы оянған Г.Рамуш 13 жасында «Бенфика» академиясына қабылданып, содан кейін-ақ жасыл алаңда жарқылдай бастады. Ал Швейцариямен өткен матчтағы хет-триктен кейін Г.Рамуш танымал ойыншыға айналды.