33-ші Жазғы олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, Париж төрінде көк туымызды көкке көтерген чемпион Елдос Сметов бастаған дзюдошыларды Алматы жұрты әуежайдан күтіп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Олардың қатарында қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев және Әбиба Әбужақыновалар да бар. Таңмен таласа әуежай маңына жиналған көпшілік спортшыларымызды ыстық ықыласпен қарсы алып, ақжарма тілегін жеткізді.
Риодағы күміс пен Токиодағы қола Елдос Сметовті Париждің алтын медаліне жетеледі. 60 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, боз кілемде атой салған халықтың ұлын өз елі құшақ жая қарсы алды. Әуежайда ине шаншар орын қалдырмаған жанкүйерлер мен спорт сүйер қауым мықтылардың жеңісіне шын қуанып, сөзін тыңдауға асықты.
- Бүгінгі іс-шарада мені құрметтеп, күтіп алып, маған уақыт бөліп келгендеріңізге үлкен алғысымды, рахметімді айтамын. Жеңісті күндеріміз көп болсын. Көк туымыз көкте желбірей берсін. Олимпиадада ел намысын қорғап жатқан спортшыларымыз қоржынымызды алтынмен толтыра берсін деген тілегім бар, - деді Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов.
Ал ел қоржынына қола медаль салып, мерейімізді үстем еткен Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Спортшы бұған дейін, нақтырақ айтсақ 2019 және 2022 жылы өткен Азия біріншілігінде қола, 2021 жылы ұйымдастырылған әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған еді.
- Өте қатты толқып тұрмын. Керемет қарсы алды. Қазақ еліне ризамын. Алла разы болсын. Көп рахмет. Орын алғанда сәтте Парижде мұндай толқу білінген жоқ еді. Елге оралып, ұшақ жерге қонып, бізді күтіп тұрған халықты көргенде ерекше сезімге бөлендім. Қола медальдің өзі қазақ елі үшін сондай бір мақтаныш екеніне өте қуаныштымын, - дейді Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев.
Дзюдо федерациясы Ғұсман Қырғызбаевқа су жаңа көліктің кілтін табыстады. Осылайша ел абыройын асқақтатқан спортшыларға айырықша құрмет көрсетілді.
- Спортшыларымызды ерекше құрметпен күтіп алдық. Әулетіміз, бүкіл қазақ елі, қазақ дзюдошылары келді. Қуанышымызда шек жоқ. Енді Алла қаласа, дзюдодан алтын келді, қола келді. Жетістігіміз тоқтамасын. Бауырымның медалі - біздің әулеттің де жеңісі. Бұл медальді тура 23 жыл күтті, - дейді Ғ. Қырғызбаевтың бауыры Ғұмар Қырғызбаев.
- Өте қуаныштымыз! Жеңімпаз жігіттермен мақтанамыз. Оларды мақтан тұтамыз. Қазақ еліне құтты болсын деп айтамын. Алтын, қола медаль - тарихи жеңіс, - дейді дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Нұрбол Сүлейменов.
Ал өткен сенбіде спорттық гимнастиканың ақтық кезеңінде Нариман Құрбанов 15,433 ұпай жинап, ел қоржынына күміс медаль салған еді. Спортшының жақындары, әріптестері бәсекені тікелей эфирде қаладағы спорт мектептерінің бірінде тамашалады.
- Барлығыңызды құттықтаймын. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Нариманымыз екінші орын алды. Барлығын жоспарға сай істеді. Бұл Қазақстан тарихындағы спорттық гимнастикадағы алғашқы жүлде, - деді Спорттық гимнастикадан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Ким
- Біздің Нариман бұл жеңіске ертеден дайындалды. Біз, оның туыстары, барлығымыз қуаныштымыз. Халқымызға мол табыс тілеймін, қолдап келгендерге алғысым шексіз, - дейді Н. Құрбановтың ағасы Шәкіржан Құрбанов.
Ал гимнаст Милад Карими еркін жаттығудың ақтық кезеңінде 14 500 ұпай жинап, 5-ші орынға тұрақтады. Еске салайық, еліміз Олимпиада кестесінде әзірге 4 медальмен 29 орында тұр.
Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Нұрбек Оралбай бокстан Париж Олимпиадасының алтын медаліне таласады