Осылайша Қазақстан құрамасы іріктеу сатысындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді
Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында cырт алаңда өткен Украина және Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгінгі ойынды украин футболшылары қарқынды бастады. Алғашқы минуттан шабуылға шығу жолын іздеді. Десе де, оған қазақстандық қорғаушылар лайықты қарсылық көрсетті. Бірнеше қауіпті сәттерде сауатты қорғана білді.
Ойынның 20-минутында украиндық Роман Яремчук өзінің мүмкіндігін толық пайдаланып кетті. Осылайша алаң иелері алға шықты.
Екінші кезеңде екі құрама да бірден алға ұмтылды. Украиндық футболшылар есепті ұлғайтуды көздесе, қазақстандықтар таразы басын теңестіруді мақсат тұтты. Осындай сәттердің бірінде 59-минутта Серікжан Мужиков көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Осылайша Қазақстан құрамасы іріктеу сатысындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Аталған топта Франция сырт алаңда Босния және Герцоговинадан 1:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.
Енді аталған топтағы ойындар 1 қыркүйекте өткізіледі. Бұл күні өз алаңында Қазақстан Украинаны қабылдаса, Босния және Герцоговина Франциямен шеберлік байқасады.