Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалында қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте чехиялық теннисші брейк жасап кеткенімен, Елена сол бойда таразы басын теңестірді – 5:5. Аса тартысты өткен тай-брейкте ол бес сет-пойнтты пайдалана алмады – 6:7 (14:16). Бір сағат 6 минутқа созылған бірінші сеттің өзінде Е.Рыбакина 10 эйс жасап үлгерді.
Екінші сетте П.Квитова брейкпен алға кетті – 2:0. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Осылайша, Елена Рыбакина Майами мастерс жарысының финалында жеңіліс тапты.
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық теннисші 12 эйс жасап, 2 брейк-пойнттың біреуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 5 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.