Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысындағы топтық кезеңде Испания мен Швеция құрамалары кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған екі команда Е тобында сынға түседі. Қарсыластары – Словакия және Польша құрамалары. Екі құрама бұған дейін 18 мәрте кездескен. Оның жетеуінде испаниялықтар жеңіске жетсе, төртеуінде тең нәтиже тіркеліп, қалғанында швециялықтар басым түсті. Жанкүйерлер аталған ойында қос қарсыластың қайсысы жеңетініне қызығушылық білдірді. Екеуі де кәріқұрлықтағы беделді құрамалар қатарында саналады. Десе де екі құрама терезесі тең деңгейде ойын көрсетті. Бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.
Еске салсақ, аталған топта Словакия Польшадан 2:1 есебімен басым түсті. Енді аталған топтағы келесі тур ойындары 18 және 19 маусым күндері өткізіледі. Алдымен 18 маусымда Испания мен Польша, 19 маусымда Швеция мен Словакия шеберлік байқасады. Биылғы біріншілікте барлығы 24 құрама сынға түседі. Әрбір топтан үздік екі команда мен көрсеткіші жоғары төрт құрама жарысты жалғастыруға мүмкіндік алады. Футболдан Еуропа чемпионаты 11 маусымда басталды, ол 11 шілдеде мәресіне жетеді.