Әлем чемпионатында 3-орын үшін соңғы 10 кездесуде еуропалық құрамалар жеңімпаз атанды
Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында Хорватия құрамасы қола жүлдегер болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
3-орын үшін сайыста Хорватия мен Марокко құрамалары кездесті.
Ойын басында хорватиялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Шабуылды оң және сол қанаттан ұйымдастырған олар 7-минутта есеп ашты. Аталған құрама футболшысы Йошко Гвардиол әуелеп келген допты баспен қақпаға соқты. Арада көп ұзамай марокколық құрама таразы басын теңестіріп үлгерді. Ойынның 9-минутында Ашраф Дари мергендік танытты.
Кездесу барысында марокколық футболшылар қателікке жиі бой алдырды. Десе де олардың қателігін қақпашы Ясин Буну түзеп жатты. Ал 42-минутта ол Мислав Оршичтің тепкен соққысына қауқар көрсете алған жоқ.
Екінші кезеңде де хорватиялықтар тізгінді өз қолынан шығармауға тырысты. Екі құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді.
Осылайша Хорватия қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетсек, әлем чемпионатында 3-орын үшін соңғы 10 кездесуде еуропалық құрамалар жеңімпаз атанды.
Енді финалда Аргентина - Франция құрамаларының кездесуі 18 желтоқсанда елорда уақытымен 21:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.