Бибісара Асаубаева шахматтан әлемнің вице-чемпионы атанды

29.12.2021 14:48

Қазақстандық 11 турдан 8,5 ұпай жинап, 2452 балдық перформансты көрсетті

Фото взято из открытых источников

28 желтоқсан күні Польша астанасында жылдам шахматтан (рапид) ФИДЕ-нің әлем чемпионаты аяқталды. Чемпионат қорытындысы бойынша, 17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева екінші орын иеленіп, күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Almaty.tv Қазақстанның шахмат федерациясына сілтеме жасап.

Қазақстандық 11 турдан 8,5 ұпай жинап, 2452 балдық перформансты көрсетті. Әлем чемпионы атанған ресейлік Александра Костенюк жеңіп алды.  

Шешуші партияларда Бибісара Грузияның тәжірибелі шахматшысы – гроссмейстер Нана Дзагнидзені, отандасы Әсел Серікбайды ұтып, әлем чемпионатының жеңімпазы – халықаралық гроссмейтер Александра Костенюкпен ойынды тең аяқтаған.

Биыл Бибісара Асаубаева әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, Қазақстан Республикасы құрамасында ойнап, Бүкіләлемдік шахматтан онлайн олимпиадада үздік 8 команданың қатарына кірген, көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

Ал Қызылорда облысының өкілі әйелдер арасында халықаралық шебер Әсел Серікбайдың жеңіске жетуіне сәл ғана сәттілік жетпеді. Чемпионат бойы Әсел көшбасшылар қатарында болып, Катерина Лагно және Александра Костенюк сияқты әлемнің жетекші шахматшыларымен тең ойын жүргізген.