Екі шетелдік ойыншы премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайық» командасына алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жартылай қорғаушылар, ресейлік Артур Газданов пен бразилиялық Рафаэль Сабиньо дос Сантоспен келісімшартқа қол қойылды.
Мәскеулік ЦСКА клубының түлегі, 29 жастағы А.Газданов спорттық жолында «Алания», «Волгарь», «КАМАЗ», «Авангард», «Тюмень» және «Акрон» командаларында доп тепті. Биылғы маусымда «Акрон» сапында 12 матч өткізіп, 1 гол соқты.
А.Газданов «Ақжайық» пен ресейлік «Ротор» (Волгоград) арасында өткен бақылау ойынында да мергендік танытып, есеп ашқан болатын.
Бразилиялық «Гремио» клубында футбол әліппесін үйренген 25 жастағы Рафаэль Сабиньо дос Сантос соңғы төрт маусымды «Львов» (Украина) командасы сапында өткізді.
Дереккөзі: ҚазАқпарат