EURO-2020: плэй-офф кезеңіне шыққан алғашқы құрама белгілі болды

17.06.2021 15:21

Ал Түркия ұпай жинай алмай, соңғы орында тұр

123ru.net

Футболдан Еуропа чемпионаты топтық кезеңінің екінші турында Түркия қатарынан екінші матчте жеңілді, ал Италия плэй-офф кезеңіне шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Түркия құрамасы Бакудегі «Олимпийский» стадионында Уэльспен кездескен. 42-минутта Уэльс футболшылары есеп ашты - Гарет Бэйлдің әдемі пасынан кейін Аарон Рэмси гол соқты. Екінші таймның ортасына қарай Гарет Бэйл пенальтиден гол соға алмады, оның соққысы қақпадан биік кетті. Алайда матч соңына қарай Бэйл айып алаңына еніп, Коннор Робертске дәл пас берді - кейінгісі есепті 2:0 қылды.

Ал Римдегі «Олимпико» стадионында Италия құрамасы Швейцарияны 3:0 есебімен тас-талқан етті. Италиялықтар сапында Мануэль Локателли (26 және 52-минутта) дубль жасады, тағы бір голды Чиро Иммобиле (89-минут) соқты.

Осылайша, италиялықтар турнирде қатарынан екінші рет ірі есеппен жеңді. Бұған дейін Түркиядан да дәл осындай есеппен басым түскен еді.А тобында екінші тур ойындарынан кейін Италия құрамасы 6 ұпаймен көш бастап тұр, команда плэй-офф кезеңіне жолдама алып қойды. Екінші орындағы Уэльс еншісінде 4 ұпай бар. Швейцария құрамасы бір ғана ұпаймен үшінші сатыда. Ал Түркия ұпай жинай алмай, соңғы орында тұр.  

Енді үшінші турда 20 маусымда Уэльс Италиямен, Түркия Швейцария құрамасымен кездеседі.