Чиншанло Беларусь турнирінде қола медаль жеңіп алды

03.11.2019 15:28

Гродно қаласындағы жарыста қазақстандық Нижат Рахимов, Денис Уланов, Игорь Сон, Зульфия Чиншанло мен Екатерина Быкова өнер көрсетуде

Sputnik

Зілтемірші Зульфия Чиншанло Беларусьте өтіп жатқан халықаралық турнирде үшінші орын алды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 200 келіні бағындырды, деп хабарлайды Ауыр атлетика федерациясы.

Спортшы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Атлет жұлқа көтеруде 85 келіні, ал серпе көтеруде 115 келіні бағындырды.

Alexander Cup турнирі Гродно қаласында 1-5 қараша аралығында өтеді. Бұл Токиодағы Олимпиада ойындарына іріктейтін квалификациялық шара. Төрт жылда бір ұйымдастырылатын басты спорт жарысына өту үшін үш жүзге жуық атлет бақ сынауда.

Қазақстандық ауыр атлеттер:

·         Нижат Рахимов - 81 кг дейінгі салмақ дәрежесі;

·         Денис Уланов - 81 кг дейінгі салмақ дәрежесі;

·         Игорь Сон - 55 кг дейінгі салмақ дәрежесі;

·         Зульфия Чиншанло - 55 кг дейінгі салмақ дәрежесі;

·         Екатерина Быкова - 71 кг дейінгі салмақ дәрежесі;

Зульфия Чиншанло үлкен спортқа 2018 жылы оралды. Ол екі жылға спорттан шеттетілген болатын. Сондай-ақ, зілтемірші допинг дауы салдарынан 2012 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының алтын медалінен айрылған еді.


Sputnik.