|
12.07.2019 | 10:30
3532

Еуропа лигасы: «Қайрат» сырт алаңда жеңіске жетті

Ойында «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті

Еуропа лигасы: «Қайрат» сырт алаңда жеңіске жетті  Sputnik

Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» командасымен алғашқы кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский алғашқы минуттан Стас Покатилов, Ғафуржан Сүйімбаев, Раде Дугалич, Елдос Ахметов, Дино Миканович, Айбол Әбікен, Рамазан Оразов, Георгий Жуков, Конрад Вржещиньский, Бауыржан Исламхан, Адеринсола Эсеола сынды жігіттерді шығарды. Ал «Широки Бриег» құрамында Мартин Зломислич, Йосип Квесич, Бернардо Матич, Доминик Ковачич, Дино Чорич, Матео Марич, Иван Енин, Мато Станич, Марио Бабич, Тони Йович және Дражен Багарич болды.

Алғашқы кезеңде «Қайрат» басым ойнады. Сырт алаңда доп тепкеніне қарамастан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Бірінші кезеңде алаң иелері негізінен қорғаныста жүруге мәжбүр болды. Ойынның 29-минутында алматылық шабуылшы Адеринсола Эсеола қақпашымен бетпе-бет шықты. Мұндай мүмкіндікті тәжірибелі футболшы мүлт жіберген жоқ. Доп қарсыластар қақпасында тулап жатты.

Бұдан кейін алаң иелері ес жиғандай болды. Олар шабуыл шебінде жиі бой көрсетіп тұрды. Көп ұзамай таразы басын теңестіріп кетті. Оны Иван Енин шебер орындады. Таразы басы теңескеннен кейін екі команда да ойын қарқынын бәсеңдетіп алды.

Бірінші кезең 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойынның екінші жартысы екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Әсіресе, «Қайраттың» белсенділігі айқын аңғарылып тұрды. Матчтың 56-минутында жас ойыншы Айбол Әбікенді тәжірибелі футболшы Исламбек Қуат алмастырды. Көп ұзамай алаң иелері қақпасына айып добы белгіленген еді. Сол сәтте босниялық қақпашы қателік жіберіп, оны алматылық шабуылшы Адеринсола Эсеола өз пайдасына жаратып кетті.

Ойында «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бүгін Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал 10 шілдеде Қостанайдың «Тобылы» Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Люксембургтің «Женесс Эш» командасымен 0:0 есебімен тең түсті.

Естеріңізге сала кетелік, кеше UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» Румынияның ЧФР командасынан 1:0 есебімен басым түсті.  



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир