2024 жылы 8-10 наурыз күндері могул және шаңғы акробатикасы бойынша әлем кубогінің кезеңі «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
- Бізде әлем кубогінің кезеңдері үнемі өтіп тұрады. Сондай-ақ бұл жерде фристайлдан әлем чемпионатын өткізгенбіз. Мен жанкүйерлерді біздің спортшыларды белсенді түрде қолдауға шақырғым келеді. Спортшыларымыз кубоктың басқа кезеңдеріне қатысып жүр. Мақтана аларлықтай жетістіктері бар. Фристайлшы Анастасия Городко бұған дейін күміс медальге ие болған, өткен маусымда Павел Колмаков фристайлдан әлем кубогінің үйдегі финалдық кезеңінде екінші орын алған, - деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының коммерциялық директоры Василий Подкорытов тау-шаңғысы маусымының ашылу салтанатында.
«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының директоры Ринат Әбдірахманов фристайл жарысы Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы өткенін айтты. Әрі сол кезде әлем кубогінің кезеңдері үнемі өтіп тұруы керек деп шешілген еді. Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясы (FIS) тарапынан белгілі бір техникалық талаптар қойылған.
- Талаптар курортқа, қар шашу жүйесі мен аспалы жолға қатысты болды. Біз оның барлығын орындадық. Бұл шара сондай-ақ жыл сайын FIS күнтізбесіне енеді. Одан бөлек, біздің мамандар техникалық делегат болу үшін 2021 жылдан бастап FIS мектептерінде білім алады. Келесі жылы біз Қазақстаннан шыққан екі делегатқа құрмет көрсетеміз. Олар тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде өтетін жарыстарды өткізіп, ұйымдастырып, оларға төрелік етеді, - деді Ринат Әбдірахманов.
Ол сондай-ақ биыл желтоқсан айында шаңғы акробатикасы бойынша әлем кубогінің кезеңі не себепті өтпейтінін түсіндірді. Ринат Әбдірахманов өткен жылы бұл мәселе бойынша FIS-пен келіссөздер жүріп жатқанын айтқан.
- Біздің расымен желтоқсан айында шаңғы акробатикасы бойынша наурыз айында могул бойынша әлем кубогінің кезеңін өткізу туралы ойымыз болған. Бірақ ауа райы қолайсыз бола ма деп қорықтым. Өкінішке қарай биыл қыс кеш келді әрі жылы болып тұр. Биыл бұл шараны өткізе алмаушы едік және одан бас тартуға тура келуші еді.Қазір оны ақпан айына ауыстыру мәселесін талқылап жатырмыз. Қаңтар айында комиссия отырысы өтеді, онда 2025 жылдың күнтізбесі талқыланады. Бұл ретте ақпан айында шаңғы акробатикасы бойынша, наурыз айында могул бойынша Әлем кубогінің кезеңі өтуі тиіс, - деді спикер.
Еске салайық, өткен маусымның 17-19 наурыз күндері могул және шаңғы акробатикасы бойынша әлем кубогінің финалдық кезеңі «Шымбұлақ» курортында өтті. Жарысқа әлемнің 14 елінен спортшылар қатысты. Ол кезде қазақстандық Павел Колмаков күміс жүлдені, ал Жанбота Алдабергенова 6-орынды иеленген еді.
Сондай-ақ өткен маусымда Шымбұлақта могулға арналған «Сухой Лог» жаңа трассасы ашылған болатын.
Айта кетейік, фристайлдан әлем кубогының кезеңдері 1980 жылдан бастап Халықаралық шаңғы федерациясының (FIS) қолдауымен жыл сайын өтіп келе жатқан жарыстар. Оған Аустрия, Аустралия, Ұлыбритания, Германия, Норвегия, Италия, АҚШ, Канада, Жапония, Швеция, Швейцария, Финляндия, Қазақстан және басқа да елдердің ең мықты спортшылары қатысады.
Оқи отырыңыз: Спортты дамыту дирекциясына жаңа басшы тағайындалды