Әр топтан екі үздік жұп плей-офф кезеңіне жолдама алады
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Анна Данилина АҚШ-тың Форт-Уорт қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Пэм Шрайвер тобында бастапқы кездесуін Габриэла Дабровски (Канада) - Джулиана Ольмос (Мексика) жұбымен өткізді.
Бірінші партияда Анна мен Беатрис 7:5 есебімен басым түсті. Қазақстандық-бразилиялық жұп екінші сетте бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Қазақстандық-бразилиялық жұп аталмыш топта сондай-ақ Людмила Киченок (Украина) - Елена Остапенко (Латвия) және Элизе Мертенс (Бельгия) - Вероника Кудерметовамен (Ресей) шеберлік байқасады.
Әр топтан екі үздік жұп плей-офф кезеңіне жолдама алады.