Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан Норвегиямен матчта алға шықты

06.03.2022 15:33

Ослода Дэвис кубогы іріктеу кезеңінде Қазақстан - Норвегия матчы жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Норвегиялықтар сапында Каспер Руудты 23 жастағы Симен Сунде Братхольм алмастырды. Ол Виктор Дурасовичпен бірге қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесовке қарсы тұрды.

Бірінші сетте норвегиялық жұп 4:1 есебімен алға шықты. Дегенмен қазақстандықтар таразы басын теңестірді. Сосын тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (12:10).

Екінші сетте қазақстандық жұп тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен тәмамдады - 6:3.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта қазақстандықтар 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.

Осылайша Қазақстан Норвегиямен матчта 2:1 есебімен алға шықты.

Енді жекелей сында Александр Бублик пен Каспер Рууд күш сынасады. Бесінші кездесу қажет болса, Михаил Кукушкин мен Виктор Дурасович ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің таразы басын теңестіргенін, қазақстандық теннисшінің елорда турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.