Қазақстандық шаңғышы қан допингін қолданғанын мойындады

01.03.2019 20:22

Полтораниннен бөлек австриялық шаңғышылар Макс Хауке мен Доминик Бальдауф та өз кінәларын мойындаған

tengrinews.kz

Алексей Полторанин қан допингін қолданғанын мойындады, деп хабарлайды Almaty.tv немістің «Куриер» газетіне сілтеме жасап.

Басылымның мәліметі бойынша, отандасымызбен бірге қолға түскен австриялық шаңғышылар Макс Хауке мен Доминик Бальдауф та өз кінәларын мойындаған.

Естеріңізге сала кетейік, шаңғыдан Қазақстан құрамасының лидері Алексей Полторанинді 27 ақпанда Австрия полицейлері әлем чемпионатының басталуына 1,5 сағат қалғанда ұстап әкеткен болатын. Бүгін ұлттық федерация спортшымыздың қамаудан босатылғанын хабарлады. Қазір ол Зеефельд қаласында екен. Бұл келеңсіз оқиға әйгілі шаңғышы мен жалпы Қазақстан құрамасының мансабына қалай әсер етеді?

«Әрине, Алексей Полторанинге қатысты туған дау өте жағымсыз. Ең алдымен, біз Алексейді допингке қатысты адал және таза спортшы ретінде білеміз. Австриядан нақты ресми ақпарат әлі тараған жоқ. Ол спорттағы алаяқтығы туралы мойындады деп жазып жатыр. Допингке қарсы заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі деп танылған спортшылар, әдетте төрт жылға спорттан шеттетіледі. Егер Полтораниннің кінәсі дәлелденсе, спортшының жасы 30-дан асқанын және дисквалификациялайтын 4 жылды қосып есептесек, онда ол сөзсіз, спорттық мансабын аяқтайды. Ал бұл жағымсыз жайтқа байланысты біздің құрамадағы өзге спортшылар жарыстардан шеттетілмейді. Бірақ оларға бұдан былай допингтік тексеріс күшейтіледі», – деді спорт комментаторы Сергей РАЙЛЯН.