Қазақстан атынан Ольга Рыпакова, Иван Иванов, Михаил Литвин, Элина Михина сынды үздік жеңіл атлеттер қатысады
Алматыда 19-20 маусымда КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Ғұсман Қосановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. Жарысқа әлемнің 16 елінің спортшылары қатысады, Қазақстан атынан Ольга Рыпакова, Иван Иванов және басқа үздік жеңіл атлеттер сайысқа түсетін болады. Биылғы спорттық шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл шара World Athletics пен Азия жеңіл атлетика қауымдастығының жарыстар күнтізбесіне кірген. Олар Азия құрлығындағы үздік жеңіл атлетикалық турнирлер тізіміне енгізілген.
Ғ. Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир спортшыларға әлемдік рейтингте ұпай жинауға мүмкіндік береді, өйткені бұл шара аса жоғары спорттық шеберліктің бастамасы болып табылады.
Айта кетерлігі, жарыс жыл сайын әлемнің түрлі елдерінің үздік спортшыларын жинайды. Биыл турнирге 16 елден: Сирия, Иран, Греция, Египет, Мальдив, Түрікменстан, Өзбекстан, Үндістан, Ауғанстан, Тәжікстан, Испания, Пәкістан, Малайзия, Қырғызстан, Нидерландыдан қатысушылар келеді деп жоспарлануда. Барлығы 250-ге жуық спортшы.
Қазақстан атынан Ольга Рыпакова, Иван Иванов, Михаил Литвин, Элина Михина сынды үздік жеңіл атлеттер қатысады.
Еске салсақ, Ғұсман Қосанов – көрнекті жеңіл атлет, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Спортшы өзінің олимпиадалық күміс медалін 1960 жылы Римде өткен Олимпиада ойындарындағы 4x100 метр эстафетада жеңіп алды және Қазақстан жеңіл атлетикасындағы Олимпиада марапатының алғашқы иегері ретінде тарихқа енді.