Александр Бублик жұптық сында Роттердам турнирінің ширек финалына шықты

09.02.2022 16:11
tengrinews.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик жұптық сында Роттердам (Нидерланд) ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстандық теннисші ресейлік Аслан Карацевпен бірге бастапқы кездесуін оңтүстікафрикалық Рэйвен Клаасен – жапониялық Бен Маклаханмен өткізді.

Қазақстандық-ресейлік жұп 1 сағат 17 минутқа созылған тартысты матчта 4:6, 6:4, 11:9 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке барысында Бублик пен Карацев 10 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қазақстандық-ресейлік жұптың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Тағы бір қазақстандық Андрей Голубев франциялық Эдуар Роже-Вассленмен бірге алғашқы айналымда үндістандық Рохан Бопанна – канадалық Денис Шаповаловпен кездеседі.

А. Бублик жекелей сында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, қазір рейтингте 95-орында тұрған ұлыбританиялық Энди Марреймен кортқа шығады.

Жүлде қоры 1,2 млн еуродан асатын Роттердам жарысы 13 ақпанда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында әлемдік рейтингіде 24-орынға көтерілді.

Дереккөзі: ҚазАқпарат