Шавкат Рахмонов UFC-дегі көшбасшылығынан айырылды

24.04.2023 в 16:12

Бұған дейін Рахмонов бірінші орында тұрды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов (17-0) мерзімінен бұрын қол жеткізген жеңіс саны бойынша қазіргі UFC файтерлері арасында енді көш бастап тұрған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұған дейін Рахмонов бірінші орында тұрды – ол қатарынан бес рет жеңіске жеткен, бірақ қазір оны ресейлік файтер Сергей Павлович (18-1) басып озды.

Ол қатарынан алты мәрте айқасқа шығып, алтыншы жекпе-жегінде мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды, бұл ретте ол барлық жеңісіне бірінші раундта-ақ қол жеткізген.

Шавкат Рахмоновқа келсек, ол UFC-дегі бес жекпе-жегінде Алекс Оливейра (24-13-1), Мишель Празерис (27-4), Карлстон Харрис (17-5), Нил Мэгни (27-10) және Джефф Нилді (15-5) жеңген.

Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы ең перспективалы спортшылардың бірі саналады.

Бұған дейін Шавкат Рахмоновтың әпкесі Сора Рахмонованың NAIZA 51 турнирінде өнер көрсетіп, онда ресейлік чемпион Валерия Карыгинамен жұдырықтасатыны хабарланған болатын.