Қазақстанда қысқы спорт түрлеріне арналған бағдарлама әзірлеу ұсынылды

16.02.2022 20:38

Ұлттық олимпиада комитетінің өкілі Қазақстанда фристайлдан акробатика спорт түрін дамыта түсу керектігін еске салды

ҚазАқпарат


Қазақстанда қысқы спорт түрлеріне арналған бағдарлама әзірлеу ұсынылды. Бұл мәселе Ұлттық олимпиада комитеті өткізген онлайн баспасөз конференциясында көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсіресе фристайл-акробатика елімізде бұрыннан болса да, дамыған спорт түрі емес. Сондықтан арнайы мектептердің санын көбейтіп, жаттықтырушыларға жақсы жағдай жасалуы тиіс дейді Елсияр Қанағатов. Бүгінде ел намысын қорғап жүрген акробатшы қыздардың жарыстағы нәтижелері жылдан жылға жақсарып келеді. Мысалы, бұған дейінгі олимпиадаларда атлеттеріміз 20-орындарға тұрақтаса, Бейжіңде Жанбота Алдабергенова – 13, Ақмаржан Қалмұрзаева 11-сатыларға жайғасқан болатын.  

«Біз шындығында, осындай спорт түрлеріне шетелдік мамандарды тартуға мәжбүрміз. Мәжбүр болғанда, ол керек нәрсе. Дүниежүзінде мұндай практика бар», - деді ҚР ҰОК Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Ал фристайл-акробатикадан ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жібек Арапбаеваның айтуынша, спортшылар мұнымен тоқтамай, алдағы халықаралық жарыстарға дайындалады. Ең өкініштісі, Жанбота мен Ақмаржанның ізін басатын шәкірттер санаулы.

«Осы олимпиада біткенімен, алдымызда 2 әлем кубогы бар. Біздің маусымымыз біткен жоқ. Ал бізде резерв ондай көп емес. Көпшілігі өте жас, әлем кубогына шығуына әлі ерте. Олармен өте көп жұмыс істеу керек», - деді фристайл-акробатикадан Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Жібек Арапбаева.