Маңғыстау, Қарағанды облысының және Астана қаласының командасы жортуын тоқтатты
17 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
12 кезең қорытындысы бойынша, Жетісу облысының командасы алғаш рет жеңімпаз атанды. Бұл жолы ақтөбелік шабандоздар мәре сызығын екінші болып аттаса, Түркістан облысының командасы үшінші болып жетті. Олар 1150 шақырымды еңсерді.
Сонымен қатар бұл кезеңде былтырғы чемпион әрі 11 кезең бойы көш алда келген – маңғыстаулық «Көкмойнақ», елорда шабандоздары мен Қарағанды облысының командасы аттарының болдыруына байланысты жортуын тоқтатты.
Жоба ұйымдастырушыларының бірі Серік Абжанов 1150 шақырымды еңсеру аттар мен азаматтарға да оңай болмады дейді.
- Маңғыстау командасында 2 аттың сырғалығы тайды. Шабандоздар әрі қарай аттарын қинағысы келмей, жорытуын тоқтатты. Артынша Астана командасы мен Қарағанды облысының командасы қатардан шығып қалды. Ат пен азаматтың тағдырын бір Алла біледі. Алдымызда 150 шақырым тұр. Бұл жорықта азаматтардың бір-біріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы, қажыған сәтте бір-біріне дем беретін ер мінездері білінді. Бұл жоба мақсаты – қазақы аттың мүмкіндігін ашу. «Ұлы дала жорығы» – қазанат пен азаматтың ерлігін көрсететін жер, - деді Серік Абжанов.
«Рекорд» командасындағы Мағжан Ғабдолұлы бар мақсаты – 1300 шақырымды бағындырып, қазақ аттарын әлемге танытамын деп отыр. Сонымен қатар «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің арқасында танымалдылыққа ие болып, Instagram парақшасына күн сайын 15-20 арудан хат келетінін жасырмады.
- Телефонға дамыл жоқ, күн сайын 20-ға жуық қоңырау түседі. Бірақ менде оған жауап беретін уақыт жоқ. Жорықтың бір кезеңін аяқтап, екіншісіне дайындаламыз. Ат үстінде телефон ұстай алмайсың. Әрі еліміздің біраз өңірінде интернет ұстамайды. Бұл жоба мықтының мықтысын анықтайды, - деді Мағжан Ғабдолұлы.
Алда 2 кезең, яғни 150 шақырым қалды. 6 команда 18 қыркүйекте таңғы сағат 7:00-ден бастап алғашқы 50 шақырымды еңсеруге аттанды. Түскі астан соң 9-кезеңнің кезекті 50 шақырымын бағындыруы тиіс. Сонымен командалар алдында 1250-інші шақырымды еңсеру міндеті тұр.
Он екінші күннің қорытындысы бойынша командалардың жалпы уақыты:
Қостанай облысы, 82 сағат 59 минут 06 секунд;
Ақтөбе облысы, 83 сағат 07 минут 07 секунд;
Жетісу облысы, 83 сағат 34 минут 24 секунд;
Алматы қаласы, 90 сағат 05 минут 19 секунд;
Түркістан облысы, 91 сағат 31 минут 56 секунд;
Абай облысы, 96 сағат 54 минут 24 секунд.
Ұлттық жоба бабалар жорығын қайта жаңғыртуды мақсат етеді. Қазақтың қазанаттарын дәріптейтін жеңімпаздарды қомақты жүлде қоры күтіп тұр. Сырдан өтіп, ер түріктің бесігі Түркістанға бет алатын 1300 шақырымдық марафон-бәйгенің жеңімпаздары 19 қыркүйекте белгілі болады.
Оқи отырыңыз: Илон Маск Түркияда кезекті Tesla зауытын салуы мүмкін