Ол соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан Уэллс WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстанның маңдайалды теннисшісі жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші ұтқан еді.
Бұдан екі ай бұрын Е.Рыбакина Аустралия ашық чемпионатында әлемнің 1-ракеткасын 6:4, 6:4 есебімен жеңген.
Бұл жолы бірінші партияда Елена брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.
Рыбакина екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін есеп 5:1 болып, өзі доп бергенде, екі матчболын пайдалана алмады.
Дегенмен матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнтты түгел өз есебіне жазды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.
Осылайша, әлемнің бірінші ракеткасын айқын басымдыллықпен ұтқан Е.Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Индиан Уэллс жарысының (жүлде қоры – 8,8 млн АҚШ доллары) финалына өтті.
Ол соңғы бәсекеде әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салады.
А.Соболенко жартылай финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:2, 6:3.
Биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында А.Соболенко Е.Рыбакинаны 4:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіп кеткен еді.