Қысқы жүгіру «Алматы марафон-2020» шарасына дайындық маусымын ашты
Алматыда мың жарымнан астам тұрғын қатысқан, қысқы жүгіру марафоны қорытындыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Биылғы марафонда жасөспімдер мен ересектерден бөлек, 60 жастан асқан егде жастағы адамдар да белсенділік танытты. Мәре сызығын алғаш кескендер 200 мың теңге көлеміндегі жүлде қорын өзара бөлісті. "Жүгіру спортына қала тұрғындарының қызығушылығы жыл санап артып келеді", – дейді ұйымдастырушылар. Биылғы жарыс Әл-Фараби даңғылынан басталып, Гагарин көшесіне дейін жалғасты. Жалпы ұзындығы 10 шақырым. Салауатты өмір салтын насихаттайтын мұндай игі шара алдағы сәуір айының 19 күні тағы да өтеді. Онда әлемнің әуесқой спортшыларынан жиналған 18 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.
«Жүгірумен әуесқой марафоншы ретінде 4 жылдай уақыт айналысамын. Көңіл-күйім өте керемет, салауатты өмір салтын қолдаймын. Және де барлық адамдарды, халқымды осыған тартуға үлесімді қосып жүрмін», – дейді марафонға қатысушы Жаһар ЮНУСОВ.