Теннис: Заңғар Нұрланұлы Португалиядағы жарыстың финалына шықты

Теннис: Заңғар Нұрланұлы Португалиядағы жарыстың финалына шықты
Қазақстандық-словениялық жұп бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы жұптық сында Португалияның Майа қаласында 14 жасқа дейінгілер супер санатты Tennis Europe турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Заңғар словениялық Зиго Шешкомен бірге жартылай финалда ресейлік Савва Рыбакин – түркиялық Мұстафа Егемен кездесті.

Қазақстандық-словениялық жұп бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Енді З. Нұрланұлы мен З. Шешко шешуші ойында германиялықтар Диего Паломеро – Нильс Макдонольдпен бас жүлдені сарапқа салады.

Бұл 13 жастағы қазақстандық үшін жұптық сындағы алтыншы финал болмақ. Биыл Заңғар 13 ойынды қатарынан ұтты. Оның жекелей сындағы жеңісті жолы осы жарыста үзілді. Заңғар үшінші айналымда Румыния өкіліне 6:7 (2:7), 2:6 есебімен жол берді.

2022 жылы Франция мен Словакиядағы беделді додалардың жеңімпазы атанған Алматы қаласының түлегі Tennis Europe чемпиондық кестесінде бұрынғыша көш бастап келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Чарльстон турнирін жеңіспен бастағанын, қазақстандық теннисшілердің Мароккодағы жарыстың финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бубликтің Монте-Карло мастерс турниріндегі қарсыласы анықталды.

Новости партнеров