«ПСЖ» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси L'Équipe басылымы өткізген сауалнамаға сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша чемпиондардың чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сhampionat.com сайтынан алынған дерекке қарағанда, L'Équipe редакциясы журналистерінің айтуынша, аталмыш сыйлық жылдың ең үздік спортшысына беріледі.
Рейтинг 4 желтоқсан күні аяқталған дауыс берудің нәтижесі бойынша жасалған.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Лионель Месси оқ бойы озық шығып, 808 ұпай жинады. «ПСЖ» мен Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе (381 ұпай) екінші орында. Үздік үштікті испаниялық теннисші Рафаэль Надаль (285) түйіндеді.
Бельгиялық велоспортшы Ремко Эвенепул төртінші, нидерландылық автожорықшы Макс Ферстаппен бесінші сатыдан көрінді.