Күрес түрлерінен рейтингтік турнирде қос балуан чемпион атанды

16.07.2023 17:27

Турнир Венгрия астанасы Будапештте өтті

olympic.kz

Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен рейтингтік турнирде қазақстандық қос балуан жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Рейтингтік турнирдің үшінші жарыс күнінде әйелдер күресінен 72 келі салмақта Жәмила Бақбергенова жеңімпаз атанды.

Бұл салмақта балуандар айналмалы жүйе арқылы сынға түсті. Жәмила Италия, Канада, Моңғолия спортшыларын жеңіп, финалға жолдама алды.

Финалда алғашқы белдесуінде жеңген италиялық Далма Ганевамен тағы кездесіп, одан 3:1 есебімен басым түсіп, жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Ал грек-рим күресінен Аманғали Бекболатов (55 келі) финалда румыниялық Денис Михайды ұтып, ел қоржынына алтын жүлде салды.

Ел құрамасынан Мұхамедали Мамырбек (63 келі) қола жүлдегер атанды.

Бүгін, 16 шілдеде балуандар грек-рим күресінен 67, 72, 77, 82, 87, 97 және 130 келіде жүлделерді сарапқа салады.

Еске салсақ, бұдан бұрын еркін күрестен рейтингтік турнирде Қазақстан қоржынына күміс медаль түсті.