Футзалдан Уефа Чемпиондар лигасында қазақстандық «Қайрат» пен «Ақтөбе» жарыстың 1/8 финалына шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ақтөбе» турнирдің 1/16 финалдық сатысында сырт алаңда Грекияның АЕК командасымен ойнады.
Кездесу барысында қазақстандық клуб жинақы қимылымен көзге түсті. Есепті ақтөбелік Бекжан Дәулетов 17-минутта ашты. Оған 18-минутта грекиялық Ткис Гусис бір голмен жауап қайырды. Бірінші кезеңде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Екінші кезеңде «Ақтөбе» сапынан Уго Сильва Оливейра 22, Дмитрий Клочко 28, Асхат Құлбаев 32-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Бұдан кейін алаң иелерінен Костас Пану есеп айырмасын қысқартқан еді. Қорытынды есепті 36-минутта қазақстандық Нұрбек Қарағұлов белгіледі.
Осылайша «Ақтөбе» 5:2 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің келесі сатысына жолдама алды. Ереже бойынша жеңімпаз бір ғана ойын нәтижесімен анықталды.