2021 спорт секциясын ашуға 6 млрд теңге кеткен

02.03.2022 17:38

Дәурен Абаев айтуынша, өткен жылы 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысты

inform.kz

2021 спорт секциясын ашуға 6 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Былтыр спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру институты енгізілді. Мұндай мемлекеттік іс-шара елімізде алғаш рет қабылданып отыр. Соның арқасында өткен жылы 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысты. Республика бойынша спорт секцияларын ашуға бөлінген қаржы 6 млрд теңгеден асты», - деді Дәурен Абаев министрліктің алқа отырысында.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық дәрістер жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілді. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы 25 пайыз өсті. Сондай-ақ олардың айлығы 2023 жылға дейін жыл сайын көбейтіліп, 2023 жылға қарай бұл өсім 100 пайызды құрайды.

«Спортшылардың допингке қарсы зертханасы мен Ұлттық допингке қарсы орталықтың, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының басқарушы және негізгі персоналдарының жалақы мөлшері лауазымдық жалақыдан 100 пайыз артты. Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» және «Асық ату» ұлттық спорт түрлері міндетті компонент ретінде енгізілді», - деді ол.

Дереккөз: ҚазАқпарат