Австрия полициясы допинг қолданды деген күдікпен бес спортшыны ұстаған болатын
Австрияда допинг қолданды деген күдікпен ұсталған қазақстандық шаңғышы Алексей Полтаранин консулдармен байланыста болудан бас тартқан. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Ол кісі біздің консулдық қызметкерлерімен байланыста болудан бас тартып отыр. Алдағы күндері жағдай нақтыланады деген ойдамыз. Тиісті сауалдар түскен жағдайда, қажетті көмек көрсетіледі», - деді Ашықбаев мәжіліс кулуарында.
Ол Қазақстан әрдайым допингтен таза спортты қолдайтынын атап өтті.
Айта кетсек, Австрияның Зеефельд қаласында шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында допинг дауы шықты.
27 ақпан күні Австрия полициясы допинг қолданды деген күдікпен бес спортшыны ұстаған болатын. Олардың арасында қазақстандық спортшы Алексей Полторанин мен Эстония, Австрияның спортшылары бар.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шаңғышымен қазақстандық заңгерлер жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген болатын.