Шорт-тректен Қазақстан командасының үздігі, әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері Абзал Әжіғалиев Қысқы олимпиадаға дейін спортшыларымыздың қандай кедергілерге тап болғаны туралы Ғacebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алау» қазірде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ бізге онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмейді, біз сондықтан амал жоқ Еуропаға немесе Ресейде жаттығуға шығамыз. «Алауда» барлығы мінсіз болғанымен Ұлттық құрамаға арналмаған. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағат дайындалу керек. Бірақ мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал Ұлттық құрамаларда ондай ақша жоқ. Бізде онда арнайы орын қарастырылмаған, тіпті жаттығу кезінде заттарымызды тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де табылмайды», – деді Абзал Әжіғалиев.
Оның айтуынша, Пекин олимпиадасының алдында олар «Алау» мұз айдынында дайындалған. Дегенмен мұз тек олимпиада алдында ғана емес, үнемі керек.
«Мұз тек Ұлттық құрамаға ғана емес, жастар мен жасөспірімдерге де қарастырылмаған. Біздің спорт бойынша басты проблема осы. Барлығы медаль сұрайды. Ал бізде тіпті қысқы спорт түрлеріне арналған база да жоқ. Ал жанкүйерлер мұндай спорттың барынан тіпті хабарсыз», – деп жазды ол.
Сонымен қатар спортшы өңірлерде салынған мұз сарайлары көп, бірақ олардың ешқайсысы шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайтынын айтты. Тіпті Алматыда да маттың орнына барлық жерге борт орналастырылған. Мұндайдай жерде жаттығу жасау спортшылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
«Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ», – деді ол.