Қазақстандық дзюдошы әлем чемпионы атанды

01.09.2024 18:02

Ол финалда украиналық қарсыласын уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңді

Халықаралық дзюдо федерациясы

Қазақстандық дзюдошы Санжар Ерұланұлы дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол финалда украиналық қарсыласы Лебид Дмитроны уақытынан бұрын иппон ұпайымен жеңді.

Әлем рейтингінде 5-орында тұрған отандасымыз әлем біріншілігін екінші айналымнан бастады. Жалпы жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де қарсылас шақ келтірген жоқ. Алғашқы қарсыласы Мунгун Учрал Ууганбаярды (Моңғолия), одан кейін ширек финалда Гиорги Гелашвилиді (Грузия) жеңді. Ал жартылай финалда украиналық Аркадии Смаиловтан басым түскен болатын.

Айта кетерлігі, жасөспірімдер арасында сынға түскен Санжар Ерұланұлының бұл әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. 17 жастағы Санжар бұған дейін 2024 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатын және Азия кубогын ұтқан, сондай-ақ Еуропа кубогында күміс жүлдегер атанып үлгерген.

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Перудің Лима қаласында өтіп жатыр. Әлем біріншілігіне 48 елден 403 жас татами шебері қатысуда.