Қазақстандық QazSport спорт телеарнасы енді UFC турнирлерін көрсетпейді
Қазақстандық QazSport спорт телеарнасы енді UFC турнирлерін көрсетпейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Qazsport телеарнасы белгілі бір себептерге байланысты Ultimate Fighting Championship (UFC) жекпе-жектерін көрсетуді тоқтатады. Өкінішке қарай, екі тараптың келісімімен UFC трансляцияларын өткізу туралы келісімшарт бұзылды. Алдағы уақытта осы мәселе өз шешімін табады деп сенеміз», – делінген телеарнаның хабарламасында.
Арнаның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, мұндай түсініксіз жайтқа тек QazSport қана емес, басқа елдердің телеарналары да тап болған.
Айта кетейік, осы сенбіде Ресейде тұратын этникалық қазақ Дамир Исмағұлов жеңіл салмақ дәрежесінде UFC Fight Night 145 турниріне қатысады. Бұл Дамирдің осы ұйым аясындағы екінші жекпе-жегі болмақ. Исмағұлов бұл турнирде Джоэль Альвареспен жекпе-жек өткізеді. Кездесу трансляциясы ESPN+ (негізгі кард) және ESPN 2 телеарналарында жүргізіледі. Бірақ бұл екі арна да Қазақстанда көрсетілмейді.