Базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы алуы мүмкін
Елімізде дене шынықтыру мұғалімдеріне қосымша ақы төленбек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған пән ұстаздары сабақтан тыс спорт үйірмелерін жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы алуы мүмкін. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. Айтуынша, бұқаралық спортты дамыту және дене шынықтырумен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында кешенді жоспарда негізгі бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының 8 заңнамалық актісіне 33 түзету енгізе отырып, бұқаралық спорт жөніндегі заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді.
«Заң жобасына дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы енгізіліп отыр. Ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша шаралар көзделген. Білім берудің барлық деңгейлерінде дене тәрбиесі бойынша сабақтарда дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес, ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент көзделіп отыр», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.
Министр Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру мақсатында 2020 жылдан 2023 жылға дейін жалақы 25 пайызға өсетінін еске сала кетті. Бұл ұлғайту қосымша білім беретін педагог қызметкерлеріне, яғни балалар-жасөсіпірімдер спорт мектептері мен спорттық мектеп-интернаттардың жаттықтырушы, оқытушыларына да бағытталмақ.