Қазақстан шахматшылары Сурдлимпиада ойындарында алтын алқаға ие болды

23.12.2019 18:50

Олимпиада ойындарына 40 елдің спортшысы қатысып, хоккей, керлинг, шаңғы тебу секілді спорт түрлерінен бақ сынады

Италияда өткен ХІХ Сурдлимпиада ойындарында қазақстандық шахматшылар алтын алқа тақты. Жеңімпаздарды Алматы әуежайынан достары, туыстары және әріптестері құшақ-құшақ гүлмен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетсек, олимпиада ойындарына 40 елдің спортшылары қатысып,  хоккей, керлинг, шаңғы тебу секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Ал биыл алғаш рет бағдарламаға енгізілген шахмат ойынында біздің спортшылар үздік нәтиже көрсете алды. Олар тіпті Германия, Хорватия, Ресей секілді елдердің спортшыларын артта қалдырып, биіктен көрінді.

«Үздік әрі ұйымшыл спортшылардан құралған командамен бірлесе жұмыс істегеніме қуаныштымын. Себебі бұл спортшылар ортақ командалық нәтижеге баса назар аударып, еліміздің қанжығасына алтын байлау үшін бар күшін салды. Әрине, келесі ойындарда біздің жігіттер шахматта ғана емес, басқа спорт түрлерінен де өздерін жоғары деңгейде көрсетеді деген сенімдеміз», – деді Қазақстан шахматшылар құрамасының жаттықтырушысы Сергей КИМ.

Одан бөлек Денис Клюев сноубордтан додаға қатысып, еліміздің намысын қорғады. Ол қарсыластарының мықты  қарамастан 4-ші орынға ие болды. Ал үшінші орынға американдық спортшы жайғасыпты. Бірақ Денис нәтижеге көңілі толатынын жеткізді.

«Мен бірнеше рет құлап түстім. Егер жерге тиген болсам, олар мені бірден ойыннан шығарып жіберетін еді. Жалпы айтқанда, сайыс қиынға соқты. Соңғы секіруде мен тік тұрдым, сондықтан 3-орын аламын деп ойладым, бірақ 4-ші орын бұйырды. Алайда бұл да жүлделі орын, сондықтан мен өз нәтижеме дән ризамын», – деді ХІХ сурдлимпиада ойындарының жүлдегері Денис КЛЮЕВ.